Петропавл қаласында «3.2.1. Старт!» жобасының тұсаукесері өтті

28 наурыз 2017 , 17:40 · 423 қараулар

Ағымдағы жылдың 28 наурыз күні Петропавл қаласы Назарбаев зияткерлік мектебі қабырғасында әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешу мен республиканың түрлі өңірлеріндегі туризмді дамыту жолындағы жастардың бастамаларын анықтап, қолдауға бағытталған кең ауқымды «3.2.1. Старт!» жобасы туралы презентация өтті.

Жоба ұйымдастырушылары – «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты, CCI Kazakhstan компаниясы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Орталық Азияның Еуразия қоры» (ОАЕҚ) қоғамдық ұйымы.

Жобаның басты мақсаты – өңірлердегі аса өзекті мәселелерді анықтап, олардың шешімін табуға тырысумен қатар, жастарды кәсіпкерлік, әлеуметтік жобалау мен жоспарлау негіздеріне үйрету.

Шара асында «Жас Отан» жастар қанаты Петропавл қалалық бөлімшесінің жетекшісі Абылайхан Қайроллаев жоба туралы, қатысу үшін өтінімді қалай жіберу керектігін, жобаның жүзеге асырылу негізгі кезеңдері туралы сөз қозғап, оның басым бағыттарын айтты.  Сондай-ақ, оқушыларға жоба туралы видеоролик көрсетілді.

Мектеп оқушылары жобаға қызығушылық білдіріп, бейнеүндеуді қандай форматта, қай тілде түсіру керек деген сияқты сұрақтарына мардымды жауап алды.  

М. Қозыбаев  атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері де «3.2.1.Старт!» жобасымен танысты.  «Болашақ» филиалы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ бөлімшесінің жетекшісі Төлеген Олжас әрбір адам қоғам дамуына өз үлесін қоса алатындығын айтты. 

«3.2.1.Старт!» жобасының шеңберінде 17 мен 22 жас аралығындағы жастарға (колледж, ЖОО студенттері, жас мамандар) кәсіпкерлік қызмет арқылы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру тәжірибесінде нақтылы көмек көрсетіледі. Өз өңіріндегі мәселені шешуге ат салысуға ынталы белсенді азаматтық өмір салтын ұстанатын кез-келген жас адам жоба сайтына (www.321.the-steppe.com) өтінім жіберу арқылы жоба қатысушысы атана алады. Өтінімдер 2017 жылдың 16 наурызынан бастап 17 сәуірге дейін қабылданатын болады.

« Кері қайту