Орал оқушылары «Әскерде бір күн» өткізді

6 сәуір 2017 , 9:57 · 268 қараулар

Өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімін арттыруды көздейтін «Әскердегі бір күн» шарасына қаладағы №19, №36 және №40 жалпы орта білім беретін мектептер оқушыларының «Жас инспекторлар», «Жас полицейлер» топтары зор қызығушылықпен қатысты. Олар Әскери техникалық мектептің казармасынан басталған экскурсия барысында сарбаздардың тынығу, шынығу, тамақтану орындарын аралап көрді. Қарулы Күштерге қажетті командирлер, инженер-техниктер және өзге де арнаулы мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттырып, дайындықтарын жетілдіру бағытында жұмыстанатын аталмыш мектепте әскерилер оқушыларға арнайы қорғану тәсілдері, әскери техника, қару-жарақты қолдану туралы шеберлік сағатын ұйымдастырды. Еліміздің Қарулы Күштерінің қауқары, әскерилердің дайындығы, жастардың әскер қатарына өтуге деген құлшынысы хақында сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар қайтарылды. 
Темірдей тәртіпті жаны сүйетін әскерилердің бір күніне куә болған ертеңгі ел қорғандары - жас ұландардың елжандылық қасиеттері еселенгені анық.

Ерлік Шамғалиев «Жас Отан» Жастар Қанаты БҚОФ менеджері: 

Отан қорғаушы қай заманда болмасын мәртебелі мамандық саналған. Қазіргі мектеп оқушыларының арасында да әскери қызметкер болуды армандайтын ұландармыз бар. ҚР Қарулы күштерінде қызмет етіп, шекарада ел шетінде, жел өтінде Отанға қорған болғылары келетін өскелең ұрпаққа әскери бөлімдерде шараларды жиі ұйымдастырып тұрамыз. Шара мақсаты әскер қатарындағы сарбаздардың оқу тәжірбиелерін көрген болашақ сардарлардың отанды қорғауға деген елді, жерді сүюге деген патриоттық сезімдерін ояту болып табылады.

«Бүгін біздер әскери сарбаздардың сабақтары қалай өтетінін өз көздерімізбен көрдік. Сонымен қатар әскери мектептегі саяхат барысында әскери өмірдің не екенін танып, қару жарақтармен, әскери құралдарды қалай пайдалана білу керектігін үйрендім. Мектептегі алғашқы әскери дайындық сабағын дұрыс меңгеріп, болашақта мен де өз отанымды қорғау үшін әскери ағаларымның қатарынан табылғым келеді» – деп, №19 ОЖББМ 10 сынып оқушысы  Данияр Ахметов ойымен бөлісті. 

« Кері қайту