Таразда «EXPO-2017 жетістіктер жолы» атты еріктілер форумы өтті

13 сәуір 2017 , 16:05 · 359 қараулар

Елордамыз Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесіне Жамбыл өңірінен 150 жас барады. Айта кету керек, үш тілді еркін меңгерген жастардың барлығы да «жасотандықтар».

«Жас Отан» Жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «EXPO-2017 жетістіктер жолы» атты еріктілер форумына барлық оқу орындарының студенттері, қаланың белсенді жастары қатысты.

ЭКСПО көрмесіне баруға жолдама алғандар қатарында ерікті Даяна Маденова әлемдік деңгейдегі көрмеге алғаш рет қатысқалы тұрғанын, бұл шарадан өзі үшін үлкен белестер ашылатынын қуана жеткізді.

«Жамбыл облысынан аттанатын еріктілеріміз тек волонтерлық қызметтерін ғана атқарып қоймай, алдыңғы қатардағы елдерден келген профессорлармен кездеседі. Білімдерін шыңдап, тәжірибе алмасады» - деді «Жас Отан» Жастар қанаты Тараз қалалық бөлімшесінің жетекшісі Бақкелді Тұрсынбек.

Шара барысында жастар шетелдік қонақтарды қарсы алуға сақадай-сай екендіктерін дәлелдеді. Алдымен, атқарылған ауқымды жұмыстарын жіпке тізген еріктілер ән-биді де ұмыт қалдырған жоқ. Келушілердің көңілін көтеруге барын салып, күнделікті тыныс-тіршіліктерінің жарқын тұстарын арнайы бейнероликтер арқылы көрсетті.

Жиында облыс орталығында өткен шарапаты мол шаралар барысынан көпке үлгі болатын үздіктер өмірінен үзінді эпизодтар да ұсынды. Бір сәтке «Экспо» қалашығына саяхат жасап, жастар өз арман-мақсаттарын жиналғандармен бөлісті. Ал, «жасотандықтар» еріктілердің еңбектерін ескеріп, арнайы алғыс хаттармен марапаттады.

« Кері қайту