«Жібек жолымен арманға»

24 сәуір 2017 , 17:19 · 317 қараулар

Жібек жолының жандануы қазіргі кездің өзекті мәселелерінің бірі. Бұл жандану дүниежүзілік экономиканың қалпына келуіне бағытталған және оның бірнеше он жылдыққа созылатыны құпия емес. Осы ретте, Жібек жолында орналасқан елдердің жас көшбасшыларының ынтымақтастығы үлкен маңызға ие.

Еуразия мемлекеттері жас көшбасшыларына жастар серіктестіктерін дамыту  мақсатында 20-27 сәуір аралығында Қытай Халық Республикасында «Ұлы Жібек жолымен арманға» атты семинар өткізілуде. Семинарға Қазақстан, Қырғыстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Беларусь мемлекеттерінен және «Ұлы Жібек жолы» Халықаралық жастар одағынан 52 делегат қатысуда. Қазақстан делегация құрамында: ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов, «Жас Отан» ЖҚ Хатшылығының басшысы Ануар Жакупов, «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ директоры Айдын Сәбитов, «Жас Отан» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин.

Шара ұйымдастырушысы – Бүкілқытай жастар федерациясы. Семинар аясында делегаттар өзара ынтымақтастық жөнінде ойларымен бөлісіп, Еуразия кеңістігінде жастар саясатын дамыту бағыттарын талқылайды.

Сондай-ақ, Қытаймен ұсынылған стратегияда «Әлем мен ынтымақтастық, төзімділік пен тәжірибе алмасу, өзара пайда мен жалпы ұтыс» Жібек жолының негізгі құндылықтары екенін көрсетті.

Өз кезегінде 20 сәуір күні Қазақстандық делегация аталмыш семинар аясында қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығы Пекиндік бөлімшесінің белсенділерімен кездесті. Шара аясында Қазақстанның жас көшбасшылары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы үш стратегиялық бастамасын: «Конституциялық реформа: ҚР Үкіметінің жаңа өкілеттіктері», «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылады.

Айта кету керек, «Жас Отан» ЖҚ Қытай Халық Республикасы, Пекин қаласында өткен Еуразия құрылығындағы мемлекеттер жас көшбасшыларына арналған семинар мен «ШЫҰ ынтымақтастығының жаңа болашағы» атты тақырыпта Бірінші жастар лагері (21-29 тамыз, Қытай, Пекин қ., Нинся-Хуэй автономды округі, Ішкі Монғолия ауданы) сияқты бірқатар кездесулерге қатысты.

 

« Кері қайту