Жасотандықтар Рузаевка ауылында қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде

25 сәуір 2017 , 10:06 · 284 қараулар

Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданындағы Рузаевка ауылында Шарық өзеніне құйатын Жембарақ өзенінің төгілуі салдарынан су деңгейінің күрт көтерілуі орын алды. 185 тұрғын үйді су басты. 578 адам көшірілген болатын, олардың 110-ы бүлдіршін.92 бас мал шығынға ұшырады.

Бірнеше күн бойы жастардың еңбек отрядтары оқиға болған жерде жұмыс атқарып жатыр. Жасотандықтар судың кеткенінен кейін күйреп қалған үйлердің орнын тазалап, жеке заттарды шығарып, үй шаруашылықтарын саздан және балшықтан тазалады. Жастар судан ең көп зардап шеккен Жембарақ, Целинное және Пушкин көшелерінде жұмыс жасады.

Осы қалпына келтіру жұмыстарын «Жас Отан» жастар қанатының бөлімше жетекшісі Жеңіс Нұртазин басқарды.

«Осы опат туралы естісімен су кеткеннен кейін белсенділермен Рузаевка селосына аттанамыз деген шешімге келдік. Бұл бастауды «жасотандықтар» қолдады. Біз бірнеше топқа бөлініп әр үйге көмектесуді қолға алдық. Әрбір үйге көмек көрсетуге тырыстық. Біреулерге шылқып қалған заттарды шығаруға көмектессек, біреулердің үйлерінен саз-балшықты кетіруге жәрдемдестік. Толығымен қирап кеткен де үйлер болды. Олардың қираған үйлерінен ең маңызды құжаттарын іздедік», – деді Жеңіс Нұртазин

«Рузаевка ауылының тұрғындарына бұл опат күтпеген жерден келді. Осы қайғыда олар жалғыз емес. Бір жұдырықтай жұмылып көмектесуіміз керек. Қолдан келгенімізше көмек көрсетуге дайынбыз», – дейді «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі Дмитрий Гайворонский.

Соңғы үш күнде Рузаевка ауылында 100-ден астам «Жас Отан» жастар қанатының және жастар бастамалар орталығының белсенділері жұмыс атқарып жатыр.

« Кері қайту