Астанада «Жастар жалыны - 2017» шығармашыл жастар фестивалінің гала-концерті өтті

27 сәуір 2017 , 15:34 · 278 қараулар

«Қазақстан» орталық концерт залында «Жастар жалыны-2017» шығармашыл жастар фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Фестиваль Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биылғы шара «Жас Отан» ЖҚ АҚФ қолдауымен Астана қалалық Жастар мәслихатының ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылды.

Шараға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, ҚР Парламенті мен қалалалық мәслихат депутаттары, өнер және мәдениет қайраткерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Өз кезегінде қала басшысы елордалық жастарға ғылым мен білім саласында жетістіктерге жетуді тілеп, Мемлекет басшысының реформаларын нақты іспен қолдауға шақырды. Сондай-ақ, Әсет Өрентайұлы «Жастар жалыны - 2017» Жастар шығармашылық фестивалінің жеңімпазы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне бас жүлдені табыстады. Ал  екінші орынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті иемденсе,  ал үшінші орын Қазақ технология және бизнес университетіне бұйырды.

Жыл сайын шығармашыл жастар арасында жаңа есімдер мен таланттарға жол ашатын «Жастар жалыны» фестивалі ағымдағы жылдың  21-і мен 26-шы сәуір аралығында өткізілді. Астана қаласының 14 жоғары оқу орындарының ең талантты студенттері «Эстрадалық және халық әндері», «Фотобайқау», «Ақындар сайысы», «Ұлттық би байқауы», «Театралдық қойылым», «Бейнеролик», «Жастар энергиясы» интеллектуалдық ойыны, «Үздік жанкүйерлер» және «Асапты музыканттар» атылымдары бойынша өзара бақ сынасқан болатын.

Жастардың бірлігін нығайтуға және мәдениетін арттыру мен белсенді болуға бағытталған шарада үздіктерді марапаттаған тұлғалар қатарында «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы Төрағасының Бірінші орынбасары Мамытбеков Еділ Құламқадырұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұрманбетова Жәмилә Нүсіпжанқызы, Бақытбек Смағұл, Макен Бахтияр Макенұлы және қоғам қайраткерлері мен Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов сынды спорт шеберлері, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ Төрағасы Сүндетбаев Данияр Манарбекұлы, Тележүргізуші Динара Сәтжан болды. Сондай-ақ, номинациялар бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

Кеште эстрада әншілері Айгүл Иманбаева, Бейбіт Қорған және «Қазақ қыздары», «Ай-lin» топтарымен бір сахнада фестиваль жеңімпаздары өнер көрсетті.

 

« Кері қайту