Астанада «Батыр бабалардан тағылым» атты кеш өтті

2 мамыр 2017 , 18:48 · 269 қараулар

Астанадағы № 51 мектеп-гимназиясына көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың есімі берілді. 29 сәуір күні аталмыш білім ордасында «Батыр бабалардан тағылым» атты кеш өтті. Шара «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының бастамасымен «Өркендеу» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оған Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев, ҚР Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев, «Алдаспан» батырлар қорының төрайымы Абзолдаева Күлән Тұрысбекқызы мен «Жас Отан» Жастар қанатының өкілдері қатысты.

Басты мақсат – өз ана тілінде еркін сөйлеп, егеменді тәуелсіз елде өмір сүрсін деп армандаған батыр бабалардан тағылым алу.

«Азамат сыны – ерлік, ерлік сыны – елдік» дегендей оқушылар 6 топқа бөлініп,  кеш барысында халқымыздың тарихындағы еліміздің азаттығы мен бостандығы жолында тамшылатып терін, атқылатып қанын төккен батырлар мен қаһармандар Бауыржан Момышұлы, Жалаңтөс Баһадүр және «Дарабоз» лақап атының иегері Қабанбай батыр мен әділдіктің туын тіккен билердің өмірбаяндарын айтып, шығармаларын оқып, сахналық қойылым қойды.  

Сонымен қатар, мектеп оқушылары тізбектеліп тұрып, Түркістан халықтарының бірлігі мен тәуелсіздігі идеясын ту етіп ұстанған аса көрнекті саяси қайраткер, жалынды публицист, аудармашы, жазушы XIX ғасырдың басындағы қазақ интеллегенциясының ең жарқын өкілдерінің бірі – Мұстафа Шоқайдың өмір жолы мен шығармаларынан үзінді оқыды. Ал өнер көрсеткен оқушыларға Тілдерді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев кітаптарды сыйға тартты.

Сондай-ақ, 9-11 сынып оқушылары арасында бір айға созылған «Ұстаз-ұлы тұлға» атты шығармашылық сайысының жеңімпаздары анықталып, жұмыстары үздік деп саналған жастарға «Жас Отан» Жастар қанаты арнайы І-ІІ-ІІІ дәрежелі дипломдар табыстады. 

« Кері қайту