«Көк тудың желбірегені» жобасы аясында концерттер өтті

11 мамыр 2017 , 9:36 · 407 қараулар

Кез келген мемлекеттің оның егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, тәуелсіздікті білдіретін рәміздері болады. 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының тұңғыш рәміздері: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы және осыдан біразырақ өткеннен кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қабылданды. Осылайша, бұл елдігіміздің, ел болуымыздың жарқын белгісін білдіретін айрықша тарихи датаға айналды. Биыл күллі қазақ жұрты ҚР Мемлекет рәміздерінің 25 жылдық мерейтойын атап өтеді.

Осы ретте «Жас Отан» ЖҚ ұйымдастырған «Көк тудың желбірегені» жобасы аясында концерт Ақтау қаласында жалғасын тапты.

Шара 400-ге жуық жастар, мектеп оқушылары, әскерлер мен жасотандықтардың қатысуымен 10 мамыр күні М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармонияда өтті. Шақырылған арнайы қонақтардың ішінде «Нұр Отан» партиясы МОФ төрағасының бірінші орынбасары Тумышев Нұри, Ақтау қаласының әкімі Трұмов Серікбай, Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Тұржанова Айжақсы, Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрдаулетов Аманғали, «Қазақстандық жас патриоттар Академиясының» идея авторы, «Құрмет» орденінің иегері, «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының патриоттар академиясының жетекшісі Битуова Ділдәш және қоғам қайраткерлер қатысты. Концертте жергілікті өнерпаздар, мүмкіндігі шектеулі балалар, домбырашы, күйші оқушылар, танымал рэп орындаушысы Өтешов Аманкелді өнер көрсетті.

Аталмыш жоба аясында ҚР «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, патриоттық әндердің орындаушысы Ибрагим Ескендірдің концерті Жер жаннаты Жетісу өлкесінде де өткізілді. Кешке облыс басшылары, қоғам қайраткерлері, «Жас Отан» ЖҚ белсенді мүшелері, Қазақстандық жас патриоттар Академиясы мүшелері, 5 – 11 сынып арасындағы үздік оқушылары, білім, спорт, мәдениет саласындағы жетістікке жеткен жастар, әскери мектеп түлектері, ауған соғыс ардагерлері сонымен қатар "Нұр Отан" партиясы Алматы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Сарыбаев Ғалиасқар, Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрмұхамбетов Айдын және облысымыздағы қоғам қайраткерлері қатысты.

Жобаның басты мақсаты өскелең ұрпаққа мәдени және рухани тәрбие беру. Кештің жабылу салтанатында  Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айдын Нұрмұхамбетұлы облыс жастар атынан Ибрагим Ескендірге алғысын білдіріп, бағалы сыйлықпен марапаттады. Кеш соңында облыс әкімінің ықылас гүлі сыйға тартылды. 

« Кері қайту