Алматы облысында «Зерде» зияткерлік ойыны өтті

17 мамыр 2017 , 16:35 · 174 қараулар

Жастардың белсенді азаматтық көзқарасын және көшбасшылық қабілетін, мәдени қарым-қатынас дағдысы және сыни көзқарасты дамыту, интеллектуалдық мүмкіншілігін жүзеге асыру, жастардың белсенділігін арттыру мақсатында «Жас Отан» ЖҚ Алматы облыстық филиалы Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы және жастар ресурстық орталығымен бірлесе «Зерде» зияткерлік тележобалық ойынын өткізді. Шара «Қазақстан 2020: Болашаққа жол» ҚР мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының екінші кезеңдегі: ғылыми – зерттеушілік әдістемелік қамтамасыз ету бағытын іске асыруға бағытталған.

Алматы облысы әкімінің қолдауымен өткен шараға облыстың орта білім беру мекемелерінің белсенді 96 жасы қатысты. Ойын «Бәйге», «Аламан», «Жорға» (қақпа ашу), «Қазақ қазынасы» сияқты 4 кезеңнен тұрды. Әр ойын сайын ережеге сәйкес қатысушылардың ұпайлары есептеліп, үш зерделі келесі кезеңге өтіп отырды.

Жарты жылдан аса уақытқа созылған ойынның қорытындысы бойынша Текелі қаласының №4 орта мектеп оқушысы Құмарбаева Айда жүлделі І орынды иеленді,  ІІ орын Көксу ауданының Қадырғали Қосұлы Жалайри атындағы орта мектеп гимназиясының білімгері Айбота Нұрдан иеленсе, ал ІІІ орынды Талдықорған қаласының №18 Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектеп лицейінің атынан қатысқан Бәкірова Ақбота қанжығасына байлады. І орынға – 2 000 000 теңге, ІІ орынға – 1 000 000 теңге, ал ІІІ орынға – 500 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды.

 

 

« Кері қайту